Ақтауда ерлі-зайыпты заңсыз жолмен ақша талап еткені үшін сотталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Олар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды қорқыту арқылы ірі көлемде ақша алмақ болған.
Маңғыстау облысының прокуратурасы мәліметінше, сот тергеуі барысында ерлі-зайыптылардың интимдік қызмет көрсететін адамның клиенттері туралы ақпаратты иемденгені анықталған. Кейін олар осы мәліметтерді пайдаланып, күш қолданумен қорқытып, жәбірленушілерден 3 миллион теңге талап еткен.
Іс сотта қаралып, мемлекеттік айыптаушы ерлі-зайыптылардың кінәсін дәлелдейтін материалдарды ұсынды. Сот ұсынылған дәлелдерді жеткілікті деп танып, екеуіне де бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Атап айтқанда, ер адам 4 жыл 6 айға сотталды. Ал жұбайына 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Алайда оның жазасын өтеуі бір жылға кейінге қалдырылды.
Айта кетейік, сот үкімі 2026 жылғы 25 қыркүйекте шығарылған. Әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Осыған байланысты прокуратура азаматтарды бопсалау, қорқыту немесе заңсыз ақша талап ету жағдайларына тап болса, бірден полицияға «102» нөмірі арқылы хабарласуға шақырды.