Ақтөбе облысында ішімдіксіз өмір салтын таңдаған ауылдардың қатары көбейіп келеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қазір өңірдегі 59 ауылда алкоголь өнімдерін сатуға және тұтынуға тұрғындардың өздері ерікті түрде тыйым салған. Бұл елді мекендерде 14,6 мыңнан астам адам тұрады.
Бастамаға соңғы уақытта тағы 25 ауыл қосылған. Ішімдіктен бас тартқан елді мекендердің ең көбі Мәртөк пен Шалқар аудандарында орналасқан. Әр ауданда 9 ауыл осы шешімді қолдаған.
Сондай-ақ Мұғалжар ауданында – 8, Темірде – 7, Байғанинде – 6 ауыл ішімдіксіз өмір салтын таңдаған. Әйтеке би, Ойыл және Қобда аудандарында 4 ауылдан, Алғада – 3, Ырғыз бен Қарғалыда 2 ауылдан бастамаға қосылған. Ал Хромтау ауданында бір ауыл алкогольден бас тартқан.
Айта кетейік, Ақтөбедегі алғашқы ішімдіксіз ауыл 2017 жылы Ойыл ауданындағы Қарасу болған.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, бұл бастаманың нәтижесі де байқалып отыр. Соңғы бес жылда аталған ауылдарда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұған қоса, тұрмыстық жанжалдар мен әкімшілік құқықбұзушылықтар саны азайған.
Ішімдіктен бас тартумен қатар, ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға да көңіл бөлініп жатыр. Ал жастарды зиянды әдеттерден аулақ ұстау мақсатында облыста бір жылда 960-қа жуық мәдени және спорттық іс-шара өткізілген. Оларға 133 мыңнан астам адам қатысқан.