Мазмұнға өту
qandastar.

Ақтөбе облысында дауылдан зардап шеккен 32 отбасы жаңа үйге көшті

Бақытжан Мұса
gov.kz
gov.kz

Ақтөбе облысының Байғанин ауданында жазғы дауылдан зардап шеккен 32 отбасы жаңа үйлердің кілтін алды. Тағы 42 баспананы алдағы он күн ішінде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Жаңа тұрғын үйлер облыстық әкімдіктің резервінен бөлінген қаражат есебінен салынды. Баспаналардың ауданы бұрынғы үйлердің көлеміне сәйкес келеді. Сонымен қатар үйлерге қажетті инженерлік-коммуникациялық желілер тартылып, электр және сумен жабдықтау жүйелеріне қосылған.

Жаңа үйлердің кілтін табыстау рәсіміне Байғанин ауданының әкімі Айбек Купенов қатысты. Ол тұрғындарды қоныстойымен құттықтап, мемлекет қолдауының арқасында табиғи апаттан зардап шеккен отбасылардың қайтадан баспаналы болғанын атап өтті.

Қарауылкелді ауылының тұрғыны, зейнеткер Тұрсын Матекбаева жазда болған табиғи апаттың күтпеген жерден орын алғанын айтты. Оның сөзінше, қатты жел мен жауын-шашын салдарынан үйінің есігі жұлынып, шатырындағы шифер ішке қарай ұшқан. Ол отбасының аман қалғанына қуанышты екенін жеткізіп, көмек көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді.

Еске салайық, 9 шілдеде Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында болған қатты дауыл салдарынан 314 тұрғын үй зақымданған. Оның ішінде 220 үйдің иесіне тиісті өтемақы төленді. Ал тұруға жарамсыз деп танылған 74 үйдің орнына жаңа баспана салынды.

Сондай-ақ табиғи апат әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарға да зиян келтірген. Тоғыз әлеуметтік нысанда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Мектептер мен балабақшалар жөнделіп, 1 қыркүйекке дейін пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта спорт кешенінде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Бұдан бөлек, облыстық төтенше жағдайлар резервінен 28 кәсіпкерлік нысанға келтірілген шығынды өтеуге қаражат бөлінді.

Алдағы он күн ішінде тағы 42 отбасыға жаңа үйлердің кілті табысталмақ.

Бөлісу: Telegram WhatsApp