Мазмұнға өту
qandastar.

Ақтөбеде есірткі саудасынан түскен 400 млн теңгені аударған топ ұсталды

Малика Хамит
Ақтөбеде есірткі саудасынан түскен 400 млн теңгені аударған топ ұсталды

Ақтөбе облысында есірткі сататын интернет-дүкендердің төлемдерін қабылдап, түскен ақшаны криптовалюта арқылы аударып отырған қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Күдіктілер заңсыз саудадан түскен қаражатты бірнеше кезеңмен жасырып, есірткі бизнесін басқаратын адамдарға жеткізіп отырған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық топты Ақтөбе қаласының тұрғыны ұйымдастырған. Ол әлеуметтік желіде ақша айырбастау қызметін ұсынатын арнайы топ ашып, өзіне жеті адамды көмекке тартқан.

Топ мүшелері жұмысты бөлісіп, күндізгі және түнгі ауысыммен қызмет еткен. Соның арқасында олар тәулік бойы ақша қабылдап, аударымдар жасап отырған.

Есірткі сататын интернет-дүкендердің операторлары сатып алушыларға тауар ақысын төлеу үшін осы топқа жүгінуді ұсынған. Клиент төлем жасағаннан кейін оған есірткі жасырылған жердің координаттары жіберілген.

Тергеу барысында айырбастау тобының күн сайын 50-70 қаржылық операция жүргізгені анықталды. Ақшаны қабылдау үшін өзге адамдардың атына рәсімделген 22 банк картасы пайдаланылған. Мұндай карталар дропперлік карталар деп аталады.

Кейін жиналған қаражат криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудасын ұйымдастырушылар бақылайтын криптоәмияндарға аударылып отырған.

Осы схема арқылы аударылған ақшаның жалпы көлемі 918 мың USDT-ден асқан. Бұл 400 млн теңгеден астам қаражат.

Қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта істің өзге мән-жайларын анықтау үшін тергеу жалғасып жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp