Ақтөбеде бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеде газ-ауа қоспасы жарылып, өрт шықты, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Жарылыстың қатты болғаны сонша, жақын маңдағы пәтерлердің терезелері сынып, тұрғындар да дүмпуді анық сезген.
Оқиға бүгін сағат 10:28-де Тәуелсіздік даңғылы бойындағы тұрғын үйде болған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жарылыстан кейін кафенің жапсарлас салынған бөлігі опырылып, ғимаратты өрт шарпыған. Сонымен қатар тұрғын үйдің кейбір терезе құрылымдары зақымданды.
Оқиға салдарынан екі адам зардап шекті. Олар жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. Абырой болғанда, қаза тапқандар жоқ.
Өрт сөндірушілер жалынды шамамен 30 минут ішінде толық сөндірді. Оқиға орнына 45 құтқарушы мен 10 арнайы техника жұмылдырылды. Жағдайды бақылау үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы да барған.