Қазақстанда әйелдер мен балаларға төнген қауіпті алдын ала анықтап, полицияның жедел әрекет етуіне мүмкіндік беретін «электрондық қорғаныс аймағын» енгізу ұсынылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бастаманы Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова көтерді.
Депутаттың пікірінше, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған шараларға қарамастан, қайғылы оқиғалар әлі де азаймай отыр. Ол Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованың пышақ жарақаттарынан қаза табуын және Астанада екі баланың анасы Жазира Адауованың бұрынғы жұбайының қолынан өлтірілуін мысалға келтірді.
Аймағанова қолданыстағы қорғау шараларының тиімділігін қайта қарау қажет деп санайды. Оның айтуынша, қауіптің салдарына әрекет етіп қана қоймай, зорлық-зомбылықтың алдын алып, қатерді ертерек анықтауға басымдық беру керек.
Депутат Франция тәжірибесін пайдалануды ұсынды. Оның сөзінше, бұл үшін нөлден бастап қымбат ақпараттық жүйе құру міндетті емес. Қазақстанда профилактикалық есеп пен электрондық бақылауға арналған тетіктер бар. Енді оларды тиімді пайдалану қажет.
Ұсыныс бойынша, Ішкі істер министрлігі жекелеген өңірлерде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізуі керек.
Жүйе аясында бірнеше шара қарастырылған:
Қауіп туралы белгі түскенде полицияның қалай әрекет ету керектігін айқындайтын бірыңғай алгоритм бекіту;
Әрбір дабылды және оған байланысты қабылданған шараларды цифрлық форматта тіркеу;
Қауіп туралы ақпаратқа кімнің, қашан және қандай әрекетпен жауап бергенін бақылау.
Депутаттың пайымынша, мұндай тәсіл қауіп туралы хабарламалардың назардан тыс қалмауына және жауапты қызметкерлердің әрекетін бақылауға мүмкіндік береді.
Бастаманың негізгі мақсаты – зорлық-зомбылық болғаннан кейін әрекет етумен шектелмей, адам өміріне төнген қауіпті дер кезінде анықтап, қайғылы жағдайлардың алдын алу.