Жетісу облысының 31 жастағы тұрғыны бірден төрт ұл баланы дүниеге әкеліп, көпбалалы ана атанды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қазір ана мен нәрестелерге қатысты қуанышты жаңалық бар: әйел перзентханадан салтанатты түрде шығарылды.
Сирек кездесетін төртемдер 24 қыркүйекте Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында дүниеге келген. Сәбилер жүктіліктің 30 аптасы 6 күнінде кесарь тілігі арқылы туған.
Ата-анасы төрт ұлға Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан деген есім берген. Осылайша, отбасындағы балалардың саны жетіге жетті.
Анасының айтуынша, бірден төрт сәбиге жүкті екенін естігенде, қуанышпен қатар қобалжу да болған. Өйткені мұндай жүктіліктің оңай болмайтынын түсінген.
«Бірден төрт бала күтіп жүргенімді білгенде, бойымды сан түрлі сезім биледі. Таңғалдым, қуандым, әрине, қобалжыдым. Алда оңай жол күтіп тұрмағанын түсіндім, бірақ бәрі жақсы болатынына сендім», – дейді ол.
Сондай-ақ анасы жүктілік кезінде және босанғаннан кейін қолдау көрсеткен дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Дәрігерлер ана мен балаларды қалай аман-есен босандырып алды?
Төрт сәбидің дүниеге келуі – медицина мамандары үшін де күрделі жағдайлардың бірі. Жүктіліктің мерзімінен бұрын аяқталу қаупі жоғары болғандықтан, болашақ ана 23-аптадан бастап ғылыми орталық дәрігерлерінің тұрақты бақылауында болған.
Мамандар ана мен балалардың жағдайын жіті қадағалап, ықтимал асқынулардың алдын алу үшін қажетті шараларды уақытылы жүргізген.
Бұл іске акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар мен неонатологтар жұмылып, үйлесімді жұмыс істеген.
Осылайша, дәрігерлердің кәсіби біліктілігі мен үздіксіз бақылауының арқасында отбасында бірден төрт ұлдың үні естілді. Қазір қуанышқа бөленген отбасы жеті баланың ата-анасы атанып отыр.