Мазмұнға өту
qandastar.

Арыста 83 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өрт сөндіру бөлімі жаңартылды

Бақытжан Мұса
ТЖМ
ТЖМ

Түркістан облысының Арыс қаласында жаңартылған №7 өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді. Нысан 27 елді мекендегі 83 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Qandastar.kz сайты хабарлады.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

1971 жылдан бері ескі ғимаратта орналасқан өрт сөндіру бөлімі ауқымды жаңғыртудан өтті. Нәтижесінде құтқарушыларға арналған заманауи екі қабатты ғимарат пен өрт сөндіру көліктеріне арналған жеке гараж салынды.

Жаңа кешенде Арыс қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлеріне де жағдай жасалған. Мұнда диспетчерлік бөлме, оқу сыныбы, газ-түтіннен қорғау қызметінің бөлмелері, инспекторлар мен анықтаушылардың кабинеттері, жатын бөлмелер, душ, киім ауыстыру және тамақтану орындары қарастырылған.

Сонымен қатар аумақта футбол алаңы мен воркаут аймағы салынып, субұрқағы бар демалыс орны абаттандырылды.

Қазіргі уақытта бөлімде 49 қызметкер еңбек етеді. Олардың 11-і күн сайын жауынгерлік кезекшілікке түседі. Бөлімнің иелігінде өрт сөндіру және қосалқы мақсаттағы алты техника бар.

Жаңартылған кешен өрт сөндірушілер мен төтенше жағдайлар бөлімінің жұмысын бір жерде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл қызметкерлердің тәулік бойы кезекшілік атқаруына, кәсіби даярлығын жетілдіруіне және демалуына қолайлы жағдай жасайды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp