Мазмұнға өту
qandastar.

Аса бай азаматтарға салық көбейе ме? Үкімет бір ай ішінде жаңа тәсілдерді әзірлейді

Малика Хамит
Аса бай азаматтарға салық көбейе ме? Үкімет бір ай ішінде жаңа тәсілдерді әзірлейді

Қазақстанда аса ауқатты азаматтарға салық салу тәртібі қайта қаралуы мүмкін, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне бір ай ішінде халықаралық тәжірибені зерттеп, осы бағыттағы ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыруға арналған Үкімет отырысында көтерілді.

Бай азаматтарға салық салу тәсілдері зерттеледі

Олжас Бектеновтің айтуынша, жаңа салық саясатын қалыптастыру кезінде халықаралық тәжірибені ескеру қажет. Осыған байланысты жауапты министрліктер аса ауқатты азаматтарға салық салудың тиімді тетіктерін зерделеп, бір ай ішінде нақты ұсыныстар енгізуге тиіс.

Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді пысықтап, оларды мемлекеттік органдармен жедел келісуі керек.

Инвестиция тарту жүйесі өзгереді

Үкімет отырысында инвестиция тарту тетіктерін жетілдіру мәселесі де талқыланды. Премьер-министр мемлекеттік органдардың міндеттері қайталанбауы және инвесторларға қатысты шешімдер жедел қабылдануы қажет екенін атап өтті.

Ұлттық экономика және Сыртқы істер министрліктеріне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, 10 күн ішінде инвестициялық процестерді басқарудың бірыңғай жүйесін құру жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Бұдан бөлек, инвестициялардың тиімділігі тек қаржы көлемімен емес, іске қосылған өндірістердің нәтижесімен және олардың ел экономикасына қосқан үлесімен бағалануы керек. Осы мақсатта жауапты министрліктер «Бәйтерек» және «Самұрық-Қазына» холдингтерімен бірлесіп, бір ай ішінде терең өңдеу саласындағы жобалардың нақты тізімін дайындайды.

Әр жоба бойынша инвесторлар, іске асыру мерзімі, жергілікті өнім үлесі және экономикалық тиімділік көрсеткіштері айқындалуға тиіс.

Шағын бизнеске мемлекеттік сатып алуға қатысу жеңілдетіледі

Үкімет шағын және орта бизнестің мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін кеңейтуді де жоспарлап отыр.

Осы бағытта бірнеше министрлік «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және квазимемлекеттік сектор ұйымдарымен бірлесіп, бір апта ішінде ұсыныстар енгізуі қажет.

Сонымен бірге Қаржы министрлігі салық жинау деңгейін арттырып, көлеңкелі экономиканы қысқартуға және салықтық әрі кедендік әкімшілендіруді толық цифрландыруға тиіс. Бұл жұмыста жасанды интеллект құралдарын қолдануға да басымдық беріледі.

Осылайша, Үкіметтің алдағы жоспарында салық жүйесін жетілдіру, инвестицияның нақты қайтарымын арттыру және кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашу мәселелері қамтылған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp