«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Әсел Баденова Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдап, балаларды цифрлық ортадағы жыныстық сипаттағы материалдардан қорғау мәселесін көтерді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Депутаттың айтуынша, киберфлешинг – әлеуметтік желілер мен басқа да цифрлық арналар арқылы адамның келісімінсіз жыныстық сипаттағы суреттер мен материалдарды жіберу. Бұл құбылыс, әсіресе, кәмелетке толмаған балалар үшін елеулі қауіп төндіреді.
«Қазақстан балалары – 2026–2030» зерттеу деректеріне сәйкес, балалардың 7,1 пайызы жыныстық сипаттағы хабарламалар алады, ал 7,4 пайызы айына кемінде бір рет осындай бейнелерді көреді.
Әсел Баденова Ішкі істер министрлігінің ресми статистикасына да назар аударды. Мәлімет бойынша, балаларға қатысты жыл сайын 800-ден астам қылмыс тіркеледі. Ал 2026 жылдың сегіз айында мұндай 624 қылмыс анықталған.
Депутаттың сөзінше, қазіргі уақытта киберфлешинг фактілері бойынша жеке құқықтық статистика жүргізілмейді. Сондай-ақ қылмыс белгілері болмаған жағдайда кәмелетке толмағандарға олардың келісімінсіз жыныстық сипаттағы материалдарды әдейі жібергені үшін қандай жауапкершілік қарастырылғаны туралы мәселе ашық қалып отыр.
Осыған байланысты Әсел Баденова Ішкі істер министрлігінен аталған құқықтық олқылыққа қатысты ресми ұстаным білдіруді және мұндай әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейту мәселесін қарастыруды сұрады.
Депутат балаларды цифрлық ортадағы зорлық-зомбылық пен өзге де қауіптерден қорғау үшін нақты әрі уақтылы алдын алу шаралары қажет екенін атап өтті.