Қазақстан Қарулы Күштерін жаңғыртуға бағытталған бірқатар шара қолға алынбақ, деп хабарлайды
порталы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіне бірнеше кезек күттірмейтін міндет жүктеді.
Президент ең алдымен әскерге бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Оның айтуынша, қорғанысқа бағытталған әрбір қаржы елдің қорғаныс қабілетін арттыруға нақты нәтиже беруі керек. Мақсатсыз шығын мен қаражатты талан-таражға салуға жол берілмейтінін айтты.
Екінші маңызды бағыт – Қарулы Күштерді қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге бейімдеу. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, 10 күн ішінде әскерді реформалау жоспарын әзірлеуі тиіс.
Құжатта армияны кезең-кезеңімен жаңғыртудың нақты тетіктері көрсетілуі керек. Президент бұл жоспарды көлемді тұжырымдамаға немесе жол картасына айналдырмай, нақты әрі түсінікті етіп жасауды тапсырды. Реформа жоспары қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.
Тоқаев әскери кадрларды іріктеу мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның пікірінше, әскери лауазымдарға таныстықпен емес, тәжірибесі мен кәсіби біліміне қарай лайықты мамандар ұсынылуы қажет. Бұл ретте кадрларды бағалаудың ашық критерийлерін енгізу ұсынылды.
Тағы бір басым бағыт – әскердегі тәрбие және идеологиялық жұмысты күшейту. Бұл жұмыс Конституцияның негізгі қағидаттары мен құндылықтарына сай жүргізілуі керек. Сонымен қатар әскери тарихқа, ұлттық және әлемдік рухани-мәдени мұраға көбірек көңіл бөлу қажет.
Президент армия тек әскери даярлықтан өтетін орын емес, жастарды білімге, тәртіпке және отансүйгіштікке тәрбиелейтін кәсіби орта болуы тиіс екенін атап өтті.
Сонымен бірге әскери қызметшілердің өмірі мен қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек.
Әскер – қорқыныш пен үрейге толы жер болмауы керек
Тоқаев әскери қызметті таңдаған азаматтар мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын сезінуі қажет екенін айтты. Оның сөзінше, Отан қорғау – азамат үшін қастерлі борыш, ал армия кәсіби деңгейі жоғары институтқа айналуы тиіс.
Мемлекет басшысы сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары әскери қызмет туралы, әсіресе жоғары баға мен қолдауға ие болған әскери қызметшілер жөнінде объективті ақпарат таратуы қажет екенін айтты.
Әскерді реформалау үдерісін үйлестіру міндеті Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына жүктелді.