Қоғам қайраткері Ринат Зайыт сарбаздардың білімін жетілдіру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесін көтерді. Qandastar.kz сайты хабарлады.
«Adal Adam» YouTube арнасына берген сұхбатында Ринат Зайыт әскердегі сарбаздардың тұрмыс жағдайын жақсарту және әскери ортадағы келеңсіздіктердің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Оның айтуынша, сарбаздардың бос уақытын тиімді пайдаланып, білімін жетілдіруге басымдық беріліп отыр. Осы бағытта әскерге ағылшын тілі сабақтарын енгізу бастамасы да қолға алынған.
Сұхбат барысында әскердегі кейбір мәселелердің туындауына сарбаздардың бос уақытының көп болуы және олардың тиісті іспен қамтылмауы себеп болуы мүмкін екені айтылды. Ринат Зайыттың сөзінше, Қауіпсіздік кеңесі мен Қорғаныс министрлігі осы мәселелерге назар аударған.
Қоғам қайраткері әскери жарғы талаптарын қатаң сақтап, сарбаздарды күнделікті оқу-жаттығулармен және пайдалы жұмыстармен қамту маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл сарбаздар арасындағы орынсыз әрекеттердің алдын алуға ықпал етуі мүмкін.
Сонымен қатар салалық министрліктермен бірлесіп, әскери қызметшілердің білімін арттырып, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға мүмкіндік бар. Бұл бағытта ағылшын тілінен бөлек, басқа да білім беру бастамаларын жүзеге асыру көзделуі мүмкін.