Мазмұнға өту
qandastar.

Әскердегі қызмет екі кезеңге бөлінеді: Қазақстанда әскери реформаның жаңа жоспары мақұлданды

Малика Хамит 12 қаралым
Әскердегі қызмет екі кезеңге бөлінеді: Қазақстанда әскери реформаның жаңа жоспары мақұлданды

Қазақстанда мерзімді әскери қызметті ұйымдастыру тәртібін өзгерту ұсынылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Жаңа жоспарға сәйкес, әскерге шақырылған азаматтар 12 айлық қызметін екі кезеңмен өтейді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында әскери реформаның негізгі бағыттары қаралды. Жиында Қарулы Күштерді жаңғыртуға арналған жоспар мақұлданды.

Әскери қызмет екі кезеңнен тұрады

Жаңа үлгі бойынша мерзімді әскери қызмет екі кезеңге бөлінбек:

- Алғашқы алты айда сарбаздар арнайы оқу орталықтарында әскери дайындықтан өтеді.
- Келесі алты айда олар әскери бөлімдерде қызмет етіп, жауынгерлік даярлыққа қатысады және бөлімше құрамында нақты міндеттерді орындауды үйренеді.

Осылайша, сарбаздар алдымен теориялық білім мен практикалық дағдыларды меңгеріп, кейін оларды әскери бөлімдерде жетілдіреді.

Әскерде тағы қандай өзгерістер болады?

Әскери реформа аясында Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, басқару жүйесін жетілдіру және қорғанысты жоспарлау тетіктерін жаңарту көзделген. Сонымен қатар Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру және армияны заманауи технологиялармен жабдықтау жоспарланып отыр.

Әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға да басымдық берілмек. Атап айтқанда, әскери консультанттар мен әскери қызметшілердің істері жөніндегі уәкіл институттарын құру ұсынылған. Әскердегі жарғыға қайшы әрекеттердің алдын алу және тәртіпті күшейту шаралары да қарастырылған.

Жоспар бойынша ұйымдастыру шаралары 2026 жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістер 2027 жылы іске асырылмақ.

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мақұлданған жоспардың орындалуын Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесі үйлестіреді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp