Қазақстанда әскери қызметшілердің тұрғын үй төлемдерін пайдалану мүмкіндігі кеңейтілді. Енді олар жақын туыстарының үйін жалға алуына немесе сатып алуына мүмкіндік алды. Qandastar.kz хабарлады.
Тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілерге, сондай-ақ арнайы мемлекеттік, құқық қорғау және азаматтық қорғаныс органдары қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері қарастырылған. Бұл төлемдер ағымдағы және бір реттік түрде беріледі.
Қаражатты баспана сатып алуға, жалдау ақысын төлеуге, ипотеканы өтеуге немесе тұрғын үй депозитін толықтыруға пайдалануға болады.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді тұрғын үй төлемдерін кейін сатып алу құқығымен жалға алу ақысына және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу жарналарын төлеуге де бағыттауға болады.
Сонымен қатар жаңа тәртіп бойынша тұрғын үйді жалға алу мерзіміне шектеу қойылмайды, жалдау шартын міндетті түрде мемлекеттік тіркеу талабы алынып тасталды. Сондай-ақ әскери қызметшілерге жақын туыстарымен тұрғын үйді жалға алу немесе сатып алу жөнінде мәміле жасауға рұқсат берілді.
Бұған дейін ағымдағы тұрғын үй төлемдерінің мөлшері баспана алаңының 90 шаршы метрге дейінгі шектеуімен есептелсе, бұл талап та жойылды.
Тұрғын үй төлемдерін алушылар жыл сайын 25 қаңтарға дейін отбасы мүшелерінің атына тіркелген жылжымайтын мүлік туралы анықтаманы және арнайы шот бойынша банк құжатын ұсынуы тиіс.