Қазақстанда әскери жоғары оқу орындарын үздік тәмамдаған түлектерге әскери атақ беру тәртібі жаңартылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеп хабарлады.
19 мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осы заңды іске асыру аясында «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға тиісті толықтырулар енгізілді.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, Қазақстанның және шет мемлекеттердің әскери және арнаулы оқу орындарын күндізгі бөлім бойынша үздік аяқтаған түлектерге енді «аға лейтенант» әскери атағы берілетін болады. Сонымен қатар, оларға қызмет орнын өз қалауымен таңдау құқығы қарастырылған.
Бұл нормаларды нақтылау мақсатында әскери қызмет өткеру қағидаларына өзгерістер енгізу жөніндегі Президент Жарлығының жобасы әзірленді.
Мамандардың айтуынша, бұл жаңашылдық әскери қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін күшейтіп, курсанттардың оқу мен қызметтегі жоғары нәтижеге ұмтылысын арттыруға бағытталған.