Астанада 24 мамырдан бастап әскери авиацияның оқу-жаттығу ұшулары өтеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі хабарлады, дейді Qandastar.kz.
Ведомство мәліметінше, жаттығулар 2026 жылғы 28 мамыр күні елорда аспанында ұйымдастырылатын жойғыш ұшақтардың көрсетілімдік ұшуына дайындық аясында өткізіледі. Іс-шара Қазақстан Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштері жоспарына сәйкес жүзеге асады.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, барлық ұшулар қауіпсіз биіктікте орындалады және қала тұрғындарының күнделікті өміріне айтарлықтай әсер етпейді. Алайда жаттығу кезінде қысқа мерзімді шу болуы мүмкін.
Осыған байланысты Астана тұрғындары мен қала қонақтарынан түсіністікпен қарау сұралды. Сонымен қатар, ведомство барлық жаттығулар ұшу қауіпсіздігі талаптарына толық сай өтетінін және халыққа ешқандай қауіп төндірмейтінін атап өтті.
Сондай-ақ көрсетілім барысында қолданылатын түрлі түсті түтіндердің тек арнайы шоу элементі екені және қоршаған ортаға зиян келтірмейтіні хабарланды.