Астанада таңғы сағат 4:31-де көпқабатты үйдің жоғарғы қабатынан белгісіз балалардың түрлі заттар, соның ішінде пластик бөтелке лақтырғаны жұрттың ашуын туғызды. Оқиға Сарайшық көшесінің бойында орналасқан тұрғын үй кешендерінің бірінде тіркелген. Жерге түскен ауыр заттар тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп, желіде қызу талқыға түсті, деп жазды Qandastar.kz.
Видеодан байқауға болатыны – балконнан төмен қарай бөтелке лақтырылып, ол адамның үстіне түсуі мүмкін болған. Оқыс оқиға әлеуметтік желіде кең тарап, көптеген тұрғындар полицияның әрекетсіздігін сынап, учаскелік инспекторды шақыртуды талап етуде.
Желі қолданушыларының бірі:
Бұл – ойын емес. Ертең біреудің басына дәл түссе, мүгедек етіп қоюы мүмкін. Қоғамда мұндай жауапсыздық үшін ата-аналар жауап беруі керек
Тағы бір тұрғын:
Бізде де осындай жағдай болған. 15-қабаттан су толы бөтелке тастап, бір адамды жарақаттауға шақ қалды. Балалар деп қарауға болмайды. Бұл – қылмыс
Пікір қалдырушылар арасында тіпті балалардың тәртібіне байланысты ұлттық реңк беріп, ксенофобиялық сөздер жазғандар да табылды. Бірақ негізгі мәселе – қоғамдық қауіпсіздік пен ата-ананың жауапкершілігі.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Сарайшық ауданының полициясы бұл іске байланысты қандай да бір әрекетке көшпегені сынға ұшырап отыр.