Астанада Қазақстан үшін тарихи оқиға болды – елде алғаш рет жолаушы мінген ұшқышсыз әуе аппараты сынақ ретінде көкке көтерілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
EH216-S деп аталатын электрлі әуе көлігі «Future Games 2026» халықаралық турнирі аясында арнайы белгіленген аумақта демонстрациялық ұшу жасады. Ұшу барысында аппарат тік көтеріліп, дәл солай қона алды.
Ұшқышсыз әуе кемесі екі адамды тасымалдауға арналған. Оның ең жоғары жылдамдығы – сағатына 130 шақырым, ал бір зарядпен шамамен 35 шақырымға дейін ұша алады.
Жоба авторлары алдағы уақытта мұндай аппараттарды туристік бағыттарда пайдалануды жоспарлап отыр. Яғни, Қазақстанның көрікті жерлерін әуеден тамашалауға мүмкіндік беретін 5-30 минуттық әуе серуендері іске қосылуы мүмкін.
Болашақта бұл технология тек туризммен шектелмейді. Ұшқышсыз әуе көліктері дәрі-дәрмек жеткізуге, шұғыл медициналық көмек көрсетуге, өрт сөндіруге және логистика саласында да қолданылуы ықтимал.
Сондай-ақ жоба аясында мұндай жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе жүйелерін Қазақстанда кезең-кезеңімен өндіру жоспары бар. Бұл жаңа өндірістердің ашылып, жоғары технологиялар саласының дамуына серпін береді.