Астана қаласының «Сарыарқа» аудандық прокуратурасы адам ұрлау және өз бетінше билік ету фактілері бойынша сот үкімі шыққанын хабарлады.
Іс бойынша Орталық Азия елдерінің бірінің алты азаматы сотталған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тергеу мәліметінше, 2024 жылдың 9 желтоқсанында күдіктілердің бірі орындалмаған қызмет үшін жәбірленушіден ақша талап еткен.
Ол ер адамға күш қолданып, 80 мың теңгені аударуға мәжбүрлеген.
Кейін алдын ала сөз байласқан топ жәбірленушіні күшпен көлікке отырғызып, Астана аумағында алып кеткен.
Прокуратура мәліметінше, әрекет пайдакүнемдік мақсатта жасалған.
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы күдіктілердің кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақ ұсынған.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен бес адам адам ұрлағаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал топтың тағы бір мүшесі адам ұрлауға көмектескені және өз бетінше билік еткені үшін 7 жыл 6 айға сотталды.
Прокуратура адам ұрлау қылмысы үшін Қазақстан заңнамасында 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.