Мазмұнға өту
qandastar.

Астанада автобус жолақысы 150 теңгеге қашан көтеріледі?

Малика Хамит
Астанада автобус жолақысы 150 теңгеге қашан көтеріледі?

Астанада қоғамдық көлікте жүру құны бірден көтерілмейді. Әкімдік тарифті өзгерту мерзімін екі аптаға кейінге қалдырды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Жаңа баға бойынша жолаушылар жолақысын қолма-қол ақшасыз төлегенде 150 теңге береді.

Әкімдік мәліметінше, елордада қоғамдық көлік тарифі соңғы рет 2014 жылы өзгерген. Сол кезде жолақы 90 теңгеден 110 теңгеге дейін өскен. Алайда содан бері автобустарды күтіп ұстау мен жолаушылар тасымалына жұмсалатын шығын айтарлықтай артқан.

Мәселен, 2014 жылы дизель отынының бір литрі шамамен 107 теңге болса, қазір 329 теңгеге жеткен. Автобус жүргізушілерінің жалақысы да айтарлықтай өскен. Бұрын олардың орташа табысы 100-150 мың теңге шамасында болса, бүгінде автобус түрі мен жұмыс кестесіне қарай 700 мың теңгеден басталады.

Сонымен қатар соңғы үш жылда Астана автобус паркіне 1127 жаңа көлік сатып алынған. Әкімдік тарифті қайта қарау қажеттігін жанармай мен қосалқы бөлшектер бағасының өсуімен, көлік паркін жаңарту және маршруттардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету шығындарымен түсіндіреді.

Осыған байланысты желтоқсан айының ортасынан бастап қолма-қол ақшасыз төлем кезінде жолақыны 150 теңгеге дейін көтеру ұсынылып отыр.

Кімдер автобуста тегін жүре алады?

Тариф өзгергенімен, жеңілдік санатындағы азаматтар үшін тегін жол жүру құқығы сақталады. Олардың қатарында:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген азаматтар;
- зейнеткерлер;
- көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар;
- мүгедектігі бар адамдар;
- 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар және олардың бір ата-анасы немесе заңды өкілі;
- 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылған азаматтар;
- заңда белгіленген тәртіппен ақталған саяси қуғын-сүргін құрбандары бар.

Бұдан бөлек, елордада тұратын және оқитын 18 жасқа дейінгі балалар 2020 жылғы наурыздан бері қоғамдық көлікте тегін қатынайды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp