Астанада Бас прокуратура қызметкері мас күйде көлік басқарғаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы қала соты хабарлады.
Оқиға 29 наурыз күні түнгі сағат 01:00 шамасында болған. Полиция қызметкерлері әйелінің атына тіркелген Chery Tiggo көлігін жүргізіп отырған ер адамды тоқтатқан.
Сот материалдарына сәйкес, жүргізуші көлікті өзі басқармағанын айтып, тек «жылыну үшін отырғанын» алға тартқан. Алайда полиция қызметкерлері оның рөлде отырғанын дәлелдеген.
Нәтижесінде сот оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Ер адам 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды.
Соттың мәліметінше, қызметтік мәртебесіне байланысты оған әкімшілік қамау жазасы қолданылмаған. Оның орнына тәртіптік жауапкершілік мәселесі қаралады.