Астанада сегіз жылдан бері баспанасын сақтап қалуға тырысып жүрген отбасының мәселесіне Құрылтай депутаттары араласты. Олардың көмегінен кейін сот орындаушыларының зейнеткер әйелді тұрғын үйден шығару әрекеті уақытша тоқтатылды. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Балтаевтар отбасының баспана мәселесі осыдан сегіз жыл бұрын сәтсіз инвестициялық келісімнен басталған. Айдос Балтаевтың айтуынша, ол бизнесіне инвестор іздегенімен, уәде етілген қаражатты ала алмаған. Алайда шамамен 10 миллион теңге көлеміндегі қарызды қайтару міндеттемесі сақталған.
Кейін сот процестерінен соң отбасының пәтері саудаға шығарылған. Айдос Балтаев жылжымайтын мүлік нарықтық құнынан үш есе төмен бағаға сатылғанын және аукцион барысында заңбұзушылықтар болғанын алға тартады.
Биыл сот орындаушылары отбасын пәтерден шығаруға қайта әрекет жасаған. Алайда онда Айдостың қарт анасы тұрады. Оның үстіне, көшіру жұмыстары жылыту маусымында жоспарланған.
Осыдан кейін отбасы Құрылтай депутаттары Илья Теренченко мен Снежана Имашеваға жүгінген. Депутаттардың араласуынан соң зейнеткерді үйден шығару уақытша тоқтатылып, оған сотқа жүгіну үшін қосымша уақыт берілді.
Қазір қарт әйел жылыту маусымы аяқталғанға дейін пәтерде тұра алады. Ал отбасы баспанаға қатысты дауды сот тәртібімен қайта қарауға күш салмақ.