Астанадағы Қаламгерлер аллеясында түсірілген видео әлеуметтік желілерде кең таралып, қоғамның қызу талқысына түсті. Кадрларда бойжеткеннің жазушы Бейімбет Майлин-нің ескерткішінің үстіне шығып, суретке түскені байқалады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.
Бұл әрекет желі қолданушылары тарапынан тарихи тұлғаға құрметсіздік және қоғамдық орын ережелерін бұзу ретінде бағаланып, сынға ұшырады.
Оқиғадан кейін полиция бойжеткеннің Астана қаласының 18 жастағы тұрғыны екенін анықтап, оны Байқоңыр аудандық полиция басқармасына жеткізген.
Құқық қорғау органдары оған ұсақ бұзақылық бабы бойынша хаттама толтырылғанын және материалдардың сотқа жіберілгенін хабарлады.
Сонымен бірге полиция ескерткіштер мен мәдени нысандарға қатысты мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін ескертіп, оларды қасақана бүлдіру немесе қорлау заң аясында әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін атап өтті.