Астанада кәріз құбырынан жаңа туған нәрестенің денесі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, сәби жақын маңдағы қонақүйлердің бірінде дүниеге келген болуы мүмкін, дейді Qandastar.kz сайты.
Оқиға туралы алғаш болып Threads әлеуметтік желісінде tatarovna_ лақап атымен тіркелген қолданушы жазды. Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын тұрғын үйдің жанынан қонақүй салынған, содан бері жергілікті тұрғындар түрлі қолайсыздықтарға тап болып келеді.
Тұрғынның сөзінше, түнгі сағат үш шамасында көршісі хабарласып, ортақ кәріз жүйесінен жаңа туған сәби табылғанын айтқан. Кейін оқиға орнына келген полиция қызметкерлері мән-жайды анықтау үшін көршілерден жауап алып, күдікті адамдар туралы сұрастырған. Тұрғындар нәресте қонақүйге келген адамдардың бірінен туған болуы мүмкін деген болжам айтты.
Оның айтуынша, құқық қорғау органдары аталған қонақүйде заңсыз әрекеттердің болуы ықтимал екенін де жеткізген.
Бұл дерекке қатысты Астана қаласы полиция департаменті түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, кәріз құбырынан шақалақтың табылуына байланысты Алматы аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілген. Тергеу барысында аталған қылмыстық құқықбұзушылыққа қатысы бар күдікті тұлға анықталған.