Астанада қоғамдық орындарда кальян шеккен азаматтар жауапқа тартылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеп хабарлады.
Елорда полициясы заңмен тыйым салынған орындарда кальян мен темекі өнімдерін тұтыну деректерін анықтау мақсатында тұрақты түрде профилактикалық рейдтер жүргізіп келеді. Жыл басынан бері осыған байланысты 4 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелген.
Кезекті тексеру барысында тәртіп сақшылары қаладағы мекемелердің бірінде келушінің жабық ғимарат ішінде кальян шеккенін анықтаған. Аталған әрекет заң талаптарына қайшы болғандықтан, азаматқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды.
Полиция өкілдері Қазақстанда мейрамханаларда, барларда, клубтарда және басқа да қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салынғанын еске салды. Сондай-ақ азаматтарды заң талаптарын сақтауға, ал мекеме иелерін белгіленген ережелердің орындалуын бақылауға шақырды.