Астанада алкогольдік масаң күйде тұрғын үйдің лифт есігін бүлдірген 26 жастағы ер адам сот шешімімен бес тәулікке қамалды. Сонымен қатар оған келтірілген материалдық шығынды өтеу міндеті жүктеледі. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Оқиға Бауыржан Момышұлы даңғылындағы тұрғын үйлердің бірінде түнгі уақытта болған. Мас күйдегі ер адам лифт есігін аяғымен теуіп, тұрғындардың ортақ мүлкіне зиян келтірген.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтап, оны ұстады. Ол 26 жастағы Оңғарбай Сәулетбек болып шықты.
Ер адамға қатысты қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде жүру, тыныштықты бұзу және ұсақ бұзақылық фактілері бойынша әкімшілік шаралар қабылданды. Сот оны бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Полиция тұрғын үйлердегі лифтілер, кіреберістер, балалар ойын алаңдары мен өзге де инфрақұрылым нысандары ортақ мүлік саналатынын еске салды. Мұндай нысандарды қасақана бүлдіру заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.