Мазмұнға өту
qandastar.

Астанада LRT кеңейеді: 26,5 шақырым жолға 20 станция салынбақ

Малика Хамит · · 57 қаралым
Астанада LRT кеңейеді: 26,5 шақырым жолға 20 станция салынбақ

Астанада LRT желісін кеңейту жоспарланып отыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Екінші кезең аясында елорданың бірнеше бағытын қамтитын жаңа желілер салынып, 20 станция іске қосылмақ.

Жоба бойынша LRT-тің екінші кезеңінің жалпы ұзындығы 26,5 шақырым болады. Жаңа желілер үш негізгі бағытқа бөлінеді. Олар — «Астана-1» ескі теміржол вокзалы, Жағалау тұрғын алабы және Қосшы қаласы бағыты.

Жоспарға сәйкес, осы учаскелерде барлығы 20 станция салу көзделген. Олардың қатарында жолаушылар бір бағыттан екіншісіне ауыса алатын арнайы пересадкалық станция да болады. Ол «Хан Шатыр» маңында орналасады.

Бұған қоса, жоба аясында LRT пойыздарына қызмет көрсететін қосымша депо салу қарастырылған.

Айта кетейік, CTS бұған дейін «Хан Шатыр» маңындағы ауысып міну станциясы екі деңгейлі нысан болатынын хабарлаған. Бұл жерде жолаушылар LRT-тің әртүрлі бағыттары арасында ауысып отыра алады.

Екінші кезеңнің іске асуы елорданың орталық бөлігін ғана емес, шеткі аудандар мен қала маңындағы елді мекендерді де жылдам қоғамдық көлік жүйесімен байланыстыруға бағытталған. Әсіресе Қосшы бағытының маңызы жоғары: бұл бағытта елордаға күн сайын қатынайтын тұрғындардың көлік қатынасын жеңілдету көзделіп отыр.

Қазіргі LRT жүйесінің бірінші желісі әуежайдан «Нұрлы жол» вокзалына дейінгі бағытты қамтиды және онда 18 станция бар. Ал екінші кезең іске асқан жағдайда елорданың рельсті көлік желісі тағы 26,5 шақырымға ұзармақ.

Бөлісу: Telegram WhatsApp