Мазмұнға өту
qandastar.

Астанада LRT-ның екінші кезеңі пысықталып жатыр

Малика Хамит · · 624 қаралым
Астанада LRT-ның екінші кезеңі пысықталып жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қабылдады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Кездесу барысында Президентке елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде есеп берілді.

Қала әкімі Астанада негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім байқалып отырғанын айтты.

Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 588 миллиард теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға жоғары. Инвестициялар өңдеу өнеркәсібі, білім беру, денсаулық сақтау, көлік, сауда және логистика салаларына бағытталған.

Кездесуде қоғамдық көлік жүйесін дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінде Astana LRT жеңіл рельсті көлік желісі толық жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар елорданың қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту аясында LRT жобасының екінші кезеңі пысықталып жатыр.

Сондай-ақ Президентке әлеуметтік нысандар құрылысы мен тұрғын үй алаптарын абаттандыру жұмыстары туралы мәлімет берілді. Соңғы жылдары Астанада 44 мектеп салынса, жаңа оқу жылында тағы 12 білім беру мекемесін ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, 2 оқушылар сарайы мен 6 балабақша пайдалануға беріледі.

Денсаулық сақтау саласында да бірқатар жоба жүзеге асырылмақ. 2028 жылға дейін елордада екі перинаталдық орталық, көпбейінді аурухана және диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталады.

Қала әкімі инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және Smart City жобаларын іске асыру барысы туралы да баяндады. 2026 жылы Астанада 173 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру және 1,1 миллион түп жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің жұмысына оң баға беріп, қаланы одан әрі дамыту бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp