Мазмұнға өту
qandastar.

Астанада LRT жүйесі ресми түрде іске қосылды

Бақытжан Мұса · · 230 қаралым
Астанада LRT жүйесі ресми түрде іске қосылды

Астанада жеңіл рельсті көлік жүйесі — LRT ресми түрде іске қосылды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы қоғамдық көлік жұмысын бақылайтын Бірыңғай диспетчерлік орталықтың қызметімен танысып, жаңа көлік жүйесінің іске қосылуына қатысты. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT қозғалысын бақылауға арналған арнайы диспетчерлік қызмет құрылғанын айтты.

Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде жүргізушісіз 15 құрам қатынайды, тағы төрт құрам резервте сақталады. Әр пойыз 600-ден астам жолаушы тасымалдай алады. Жүйедегі қозғалыс, есіктерді ашу мен тежеу процестері толық автоматтандырылған.

LRT инфрақұрылымына 18 станция мен заманауи депо кіреді. Пойыздар орташа есеппен сағатына 50-60 шақырым жылдамдықпен қатынап, әр 5-6 минут сайын жүріп отырады. Бір бағыттың жүру уақыты шамамен 40 минутты құрайды.

Президент LRT-ның іске қосылуын Астана мен ел үшін маңызды оқиға деп атап өтті. Сонымен қатар оған 001 сериялық арнайы карта табысталып, мемлекет басшысы алғашқы жолаушы ретінде “Әуежай” станциясынан “Ұлттық музей” станциясына дейін жүріп өтті.

Бөлісу: Telegram WhatsApp