Елордада жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеп хабарлады. Соған қарамастан, кейбір жүргізушілер тарапынан өрескел құқық бұзушылықтар әлі де тіркелуде.
Мысалы, Сарытоғай көшесінде Toyota Crown көлігін тізгіндеген 23 жастағы азаматтың мас күйінде рөлге отырғаны анықталып, полиция қызметкерлері оны тоқтатты. Аталған жағдай бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама рәсімделді.
Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін полиция күн сайын рейдтер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын күшейтіп отыр. Әсіресе, жылдамдықты шамадан тыс арттыру және мас күйінде көлік жүргізу секілді өрескел құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылуда.
Астана қаласының полиция департаменті жүргізушілерге жолдағы әрбір әрекет тек өз қауіпсіздігіне ғана емес, басқа да жол қатысушыларының өміріне тікелей әсер ететінін ескертеді. Осыған байланысты жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау – қайғылы жағдайлардың алдын алудың басты кепілі.