Мазмұнға өту
qandastar.

Астанада мәслихат депутаттарын сайлау күні автобустар тегін қатынап жатыр

Бақытжан Мұса
gov.kz
gov.kz

Бүгін, 29 қарашада, Астанада мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Елордада тұрғындардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар шара қабылданған. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Еліміз бойынша бүгін 10 338 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 446-сы Астана қаласында орналасқан.

Сайлау учаскелеріне жетуді жеңілдету үшін елордадағы барлық қалалық және қала маңындағы автобустар, сондай-ақ Tarlan Astana қызметі күн соңына дейін тегін қатынайды.

Дауыс беруге таңертеңнен бастап отбасымен келіп жатқан тұрғындар арасында бұл күннің өзіндік тарихы бар азаматтар да кездеседі.

Мәселен, елорда тұрғыны Сайлаубек Махметов дәл сайлау күні дүниеге келген. Ата-анасы ұлына осы оқиғаға байланысты Сайлаубек есімін берген. Бүгінде ол отбасымен бірге Байқоңыр ауданындағы №81 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.

Сайлаубек Махметов жастардың саяси өмірге белсенді араласуын қолдайтынын жеткізді. Оның пікірінше, тың идеялары бар жас азаматтардың сайлауға қатысуы елдің дамуына оң әсер етеді.

Тағы бір елорда тұрғыны Сайлаугазы Сабырбековтің есімі де сайлаумен байланысты. Әкесі оны 1970 жылғы маусымда өткен сайлаудың құрметіне осылай атаған. Ол бүгін №238 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.

Сайлаугазы Сабырбеков мәслихат депутаттарын сайлау әр азаматқа қаланың болашағына қатысты өз пікірін білдіруге мүмкіндік беретін маңызды күн екенін атап өтті.

Ал елорда тұрғыны Сайлаугүл Қаршыға сайлау учаскелеріндегі жұмыстың ұйымдастырылуына оң бағасын берді. Оның айтуынша, дауыс беру процесі жүйелі өтіп, тұрғындарға қажетті жағдай жасалған.

Осындай азаматтардың белсенділігі тұрғындардың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуға және қаланың болашағына үлес қосуға ниетті екенін көрсетеді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp