Астанада Қазақстанның Ұлттық музейінде қазақтың әйгілі балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығы мен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің 75 жылдығына арналған «Ұлт намысын ұлықтаған қос алып» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Іс-шара Ұлттық музейдің музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің «Қызықты этнография» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Жиынға жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлы, спорт қайраткерлері Елсияр Қанағатов пен Қайыртай Оразалинов, журналист әрі спорт тарихшысы Қыдырбек Рысбекұлы, сондай-ақ Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық жоғары колледж бен Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мектеп-интернат-колледж студенттері қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар Қажымұқан Мұңайтпасұлының әлемдік жарыстардағы жеңістері мен Жақсылық Үшкемпіровтің Олимпиада алтынына жету жолы туралы әңгімеледі. Сонымен қатар қос балуанның өмір жолы, азаматтық ұстанымы және спорттағы жетістіктері сөз болды.
Дөңгелек үстел аясында Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мектеп-интернат-колледж қорындағы материалдар негізінде арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге қос спортшының өмірі мен жетістіктерін танытатын фотосуреттер, құжаттардың көшірмелері, кітаптар және басқа да тарихи материалдар қойылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ спортының тарихын жас ұрпаққа таныстыру, ел намысын халықаралық аренада қорғаған тұлғалардың өнегесін насихаттау және ұлттық спорт дәстүрлерін дәріптеу.