Мазмұнға өту
qandastar.

Астанада тарологтың үйінен марихуана өсіретін зертхана анықталды

Бақытжан Мұса · · 171 қаралым
Астанада тарологтың үйінен марихуана өсіретін зертхана анықталды

Елордада "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегін анықтады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Тексеру барысында өзін таролог ретінде таныстырып, үйінде Таро карталары арқылы бал ашу және түрлі рухани тәжірибелер өткізген 54 жастағы әйелдің пәтерінен арнайы жабдықталған фитозертхана табылған.

Полиция мәліметінше, әйел жатын бөлмедегі шкафты есірткілік өсімдіктер өсіруге бейімдеп, оған жасанды жарық шамдары мен өзге де қажетті құрылғылар орнатқан. Тінту кезінде бірнеше түп марихуана өсімдігі және оларды өсіруге арналған құрал-жабдықтар тәркіленді.

Сонымен қатар медициналық куәландыру қорытындысы бойынша әйел адамның есірткілік масаң күйде болғаны анықталған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Полиция құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіру қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.

Бөлісу: Telegram WhatsApp