Мазмұнға өту
qandastar.

Астанада түнде салют атқан жігіт 10 тәулікке қамалды

Бақытжан Мұса
Polisia.kz
Polisia.kz

Астанада тұрғын үй кешендерінің бірінің маңында түнгі уақытта салют атқан екі жас жігіт әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың бірі сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Полицияға түн ортасында «102» арнасы арқылы тұрғын үй кешенінің автотұрағы маңында салют атылып, тұрғындардың тыныштығы бұзылғаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары 21 және 22 жастағы екі жігітті анықтады. Тексеру барысында олардың бірі досының туған күніне орай салют алып келгені белгілі болды.

Аталған дерек бойынша 22 жастағы азамат тыныштықты бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.

Екінші жігіт те түнгі тыныштықты бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Полиция мерекелік іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіпті сақтап, айналадағы тұрғындардың тыныштығын құрметтеу қажеттігін ескертті. Түнгі уақытта тыныштықты бұзу заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp