Мазмұнға өту
qandastar.

Астанада Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы кейінге қалдырылды

Бақытжан Мұса · · 33 қаралым
Астанада Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы кейінге қалдырылды

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша 24 тамызға жоспарланған сот отырысы кейінге шегерілді, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Астана сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, сот отырысы техникалық себептерге байланысты басқа күнге ауыстырылған. Бұған дейін процесс 24 тамыз күні сағат 10:00-ге белгіленген болатын.

Соттың мәліметінше, келесі отырыстың нақты күні, уақыты мен өтетін орны қосымша хабарланады.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің жанында болған. Ғимараттың сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционері құлап, бірнеше адам зардап шекті.

Оқиға орнына келген жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан үйінді астында қалған ер адамды құтқаруға әрекет жасаған. Сол сәтте тоғызыншы қабаттан кондиционер құлап, фельдшер басынан ауыр жарақат алған.

23 жастағы Ұлдана Мырзуан 18 қарашада ауруханада көз жұмды. Кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұм фельдшерді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.

Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі 18 тамызда басталған болатын.

Бөлісу: Telegram WhatsApp