Мазмұнға өту
qandastar.

Астанада жастарды қайта әлеуметтендіру және бейімдеу мәселелері талқыланды

Бақытжан Мұса · · 104 қаралым
Астанада жастарды қайта әлеуметтендіру және бейімдеу мәселелері талқыланды
Астана қаласында Қазақстанның Азаматтық Альянсы базасында жастарды қайта әлеуметтендіру, әлеуметтік бейімдеу және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу тақырыптарына арналған баспасөз конференциясы өтті. Іс-шара «ReStart» әлеуметтік жобасы шеңберінде ұйымдастырылып, оған қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, жоба серіктестері және БАҚ өкілдері қатысты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеп хабарлады.

Жиын барысында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған жастарды қоғамға қайта бейімдеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Қатысушылар психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету, кәсіптік бағдар беру, жұмыспен қамту және қайта интеграциялау тетіктерін талқылады.

Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің әлеуметтік, тәрбие және психологиялық жұмыс бөлімінің маманы Әсел Макашева сотталғандармен жұмыс мекемеге түскен алғашқы күннен басталатынын атап өтті. Оның айтуынша, оларды бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге дайындау үшін түрлі тәрбиелік, мәдени және спорттық шаралар өткізіледі, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған дәрістер мен кездесулер ұйымдастырылады.

Конференция аясында жоба бойынша пилоттық бастамалар мен тәжірибелер ұсынылып, мемлекеттік органдар, ҮЕҰ және жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қаралды. Қатысушылар жастардың қайта қылмыс жасауын болдырмау және олардың қоғамға сәтті бейімделуін қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыстың маңызын атап өтті.

Бөлісу: Telegram WhatsApp