15 мамыр күні Астанада Әуе қорғанысы күштерінің жоспарлы іс-шаралары өтеді. Осыған байланысты қала үстінде жойғыш ұшақтардың көрсетілім ұшуы жоспарланған. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлап, елорда тұрғындары мен қонақтарына ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Ведомствоның мәліметінше, дайындық жұмыстары 10 мамырдан басталады. Сол күннен бастап Астана әуе кеңістігінде әскери авиацияның оқу-жаттығу ұшулары жүргізіледі.
Қорғаныс министрлігі барлық ұшулар қауіпсіз биіктікте өтетінін және қаладағы күнделікті өмірге кедергі келтірмейтінін атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындардан жаттығу және көрсетілім кезеңінде уақытша шу деңгейінің артуына түсіністікпен қарау сұралды.
Министрлік ұшулардың толықтай қауіпсіздік талаптарына сай ұйымдастырылатынын, халық үшін ешқандай қауіп жоқ екенін және көрсетілім кезінде қолданылатын түрлі-түсті түтіннің тек визуалды эффект ретінде пайдаланылатынын, қоршаған ортаға зиян келтірмейтінін мәлімдеді.