Астанада қоғамдық көлікте жол жүру тарифін көтеру ұсынылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Жаңа өзгеріс енгізілсе, 1 желтоқсаннан бастап қолма-қол ақшасыз төлем кезінде бір сапар құны 150 теңге болады.
Қазір елордада жол ақысы 110 теңге. Бұл тариф 2014 жылдан бері қолданылып келеді және осы уақыт ішінде небәрі бір рет қайта қаралған.
Қалалық әкімдік мәліметінше, тарифті өзгертуге тасымалдаушылардың шығындарының айтарлықтай өсуі себеп болып отыр. Мәселен, 2014 жылы дизель отынының литрі шамамен 107 теңге болса, бүгінде оның бағасы 329 теңгеге жеткен. Яғни жанармай құны үш еседен астам өскен.
Жүргізушілердің жалақысына жұмсалатын шығын да артқан. Бұған қоса автобустардың қосалқы бөлшектері, шиналар, аккумуляторлар, жөндеу жұмыстары және жаңа көлік сатып алу құны қымбаттаған.
Соған қарамастан, елордада автобус паркін жаңарту жалғасып жатыр. Соңғы үш жылда тасымалдаушылар 1127 жаңа автобус сатып алған.
Әлеуметтік жеңілдіктер әзірге сақталады. Зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балалар және заңда көрсетілген басқа да санаттар үшін қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар Астанада 18 жасқа дейінгі оқушылар үшін жол жүру тегін.