Астанада кәмелетке толмаған велосипедші жүк көлігінің астына түсіп, оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Qandastar.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 26 мамыр күні Тәуелсіздік даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысында болған. Полиция мәліметінше, оңға бұрылып келе жатқан Mercedes маркалы жүк көлігі жолдан өтіп бара жатқан велосипедшіні қағып кеткен.
Салдарынан жасөспірім алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Жүк көлігі коммуналдық тұраққа эвакуацияланды. Қазіргі уақытта полицейлер апаттың барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Құқық қорғау органдары жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, әсіресе жаяу жүргіншілер өткелдері, мектептер мен тұрғын аймақтар маңында барынша мұқият болу қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ полиция велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге ерекше назар аударудың маңызын атап өтті. Ведомство өкілдерінің сөзінше, жол ережесін елемеу немесе көлік тізгініндегі салғырттық ауыр қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.