Мазмұнға өту
qandastar.

Астанадағы «01market» ломбардтар желісі заңсыз жұмыс істеген: табысы 102 млн теңгеден асқан

Малика Хамит
Астанадағы «01market» ломбардтар желісі заңсыз жұмыс істеген: табысы 102 млн теңгеден асқан

Астанада «01market» ломбардтар желісін ұйымдастырушыға қатысты тергеу аяқталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, кәсіпкер бірнеше жылдан бері тиісті лицензиясыз халыққа қарыз беріп келген, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Тергеу деректеріне сүйенсек, 2021 жылдан бастап күдіктіге қатысы бар үш кәсіпкерлік субъектісі ломбард қызметін комиссиялық сауда ретінде көрсетіп, заңсыз микрокредит берумен айналысқан.

Олар клиенттерге мүлікті кепілге алып, ақшаны қолма-қол берген. Алайда құжат жүзінде бұл операциялар комиссиялық сауда мәмілесі ретінде рәсімделген.

Қарыз 30 күнге дейін беріліп, күн сайын 0,25%-ға дейін сыйақы есептелген. Ал ақшасын уақытында қайтара алмаған клиенттерге қосымша айыппұл салынып, берешек өтелмесе, кепілге қойылған мүлік сатылған.

Заңсыз қызметтен түскен табыс 102 миллион теңгеден асқан.

Тергеу барысында сот санкциясымен күдіктінің екі пәтеріне, үш автокөлігіне және екі кеңсесіне тыйым салынған.

Қазір қылмыстық іс сотқа жолданды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp