Астанада 30 жастағы әйелдің өлімінен кейін полицияның бірнеше бұрынғы қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Оқиға 22 қыркүйекте болған. Әйел пышақ жарақатын алғаннан кейін қаза тапқан. Күдікті сол күні ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Оқиғадан кейін Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік департаменті полиция қызметкерлерінің әрекетіне тексеру жүргізді.
Нәтижесінде бірнеше лауазымды тұлға қызметінен босатылды. Атап айтқанда, екі аудандық полиция басқармасының бастықтары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ қалалық полиция департаменті бастығының бір орынбасары жұмыстан шығарылды.
Ал департамент басшысы мен тағы бір орынбасарына қатаң тәртіптік жаза қолданылды.
Сонымен қатар қызметке салғырт қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның аясында полицияның бұрынғы төрт қызметкері ұсталды.
Тергеу олардың жауапкершілігін анықтайды.