Мазмұнға өту
qandastar.

Астаналық түлектер мектеп бітіру кешінен бас тартып, онкологиялық дертке шалдыққан балаларға қолдау көрсетті

Бақытжан Мұса · · 43 қаралым
Астаналық түлектер мектеп бітіру кешінен бас тартып, онкологиялық дертке шалдыққан балаларға қолдау көрсетті

Астанадағы №111 мектептің түлектері мектеп бітіру кешін ерекше форматта өткізді. Олар дәстүрлі мейрамханадағы мерекеден бас тартып, онкологиялық дертпен күресіп жатқан балаларға қолдау көрсету мақсатында қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Болашақ бізді бірге күтеді!» атты әлеуметтік жоба аясында 11-сынып оқушылары ем қабылдап жатқан балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, оларға моральдық қолдау көрсетуді мақсат етті.

Түлектер балаларға арналған сыйлықтар мен ойыншықтар жинап, жылы лебіздерін жолдады. Кейін оқушылар мен олардың ата-аналары медициналық мекеме аумағына барып, арнайы флешмоб өткізді. Акцияға қатысушылар «Сен қаһармансың!», «Бүгін мен мектепті аяқтасам, ертең сен де аяқтайсың!» деген жазулар арқылы балаларға жігер берді.

Шара соңында санитарлық талаптар сақтала отырып, алдын ала дайындалған сыйлық қораптары табысталды.

Түлектердің айтуынша, олар мектеппен қоштасу сәтін тек ойын-сауықпен емес, қоғамға пайдалы іс атқарумен есте қалдыруды жөн көрген. Осылайша жастар қайырымдылық пен жанашырлықтың маңызды екенін көрсетіп, игі бастамаға ұйытқы болды.

Айта кетейік, елорда мектептерінде мұндай әлеуметтік бағыттағы акциялар бұған дейін де ұйымдастырылған. Олар қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсетіп, қоғамдағы өзара қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp