Ата-аналар баланың тұрғылықты жеріне қатысты ортақ шешімге келе алмаған жағдайда, мәселені заңда белгіленген тәртіппен шешуге болады. Бұл туралы қазақстандық заңгер, құқықтанушы ғалым, философия докторы (PhD) және заң ғылымдарының магистрі Мақсатов Нұржан Ришатұлы өзінің Instagram парақшасында айтты, дейді Qandastar.kz.
Заңгердің түсіндіруінше, ата-аналар арасындағы мұндай дау тек отбасылық мәселе емес, баланың құқықтары мен мүдделеріне қатысты мәселе болып саналады.
1. Қорғаншылық және қамқоршылық органына жүгіну
Сотқа жүгінбес бұрын баланың тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органына жүгіну қажет. Бұл ретте баланың өмір сүру жағдайы, отбасының ахуалы және оның мүддесіне қатысты басқа да мән-жайлар зерделенеді.
2. Келісімге қол жеткізілмесе – сотқа жүгіну
Егер ата-ананың бірі ұсынылған шешіммен келіспесе немесе рәсімге қатысудан бас тартса, дау сот тәртібімен шешіледі.
3. Сот ең алдымен баланың мүддесін ескереді
Сот мәселені қарау кезінде ата-аналардың пікірлерімен қатар, баланың мүддесіне басымдық береді. Оның ішінде баланың тұратын жеріндегі жағдайы, әр ата-анамен қарым-қатынасы, қалыпты дамуы мен тәрбиесіне қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мүмкіндігі, сондай-ақ заңда көзделген жағдайларда баланың пікірі ескеріледі.
Нұржан Мақсатовтың айтуынша, бала ата-аналар арасындағы жанжалдың құралына айналмауы керек. Баланың ата-анасының екеуімен де тәрбиеленуге, әрқайсысымен қарым-қатынас жасауға және өз құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына құқығы бар.