Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин қызметінен өз еркімен кетті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Бұл ақпаратты облыс әкімдігі растады.
Шәкір Кейкин Атырау қаласының әкімі қызметіне 2023 жылғы шілдеде тағайындалған еді.
Шәкір Кейкин туралы не белгілі?
Шәкір Кейкин 1970 жылы Атырау облысының Жылыой ауданында дүниеге келген. 1993 жылы Қазақ политехникалық институтын «тау-кен инженері» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Құлсарыдағы «Теңізмұнайкомплект» компаниясында брокер болып бастаған. Кейін жеке компанияларда басшылық қызметтер атқарған.
2008 жылы Жылыой ауданы Қосшағыл ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды. 2009-2018 жылдары Құлсары қаласын басқарды.
Одан кейін Атырау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін басқарды. 2019 жылы Атырау қаласы әкімінің орынбасары болды.
2019-2022 жылдары Мақат ауданының әкімі қызметін атқарды. 2023 жылы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда департаментін басқарды.
Ал 2023 жылғы 10 шілдеде Атырау қаласының әкімі болып тағайындалған.
Кейкиннің бұған дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және мемлекеттік басқару салаларында мол тәжірибесі бар екені айтылған.