Атырау облысында интернет-алаяқтыққа көмектесті деген күдікпен үш азаматқа сот үкімі шығарылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады. Polisia.kz мәліметінше, олар қылмыстық схемаларда “дроппер” ретінде қатысып, заңсыз алынған қаражатты өздерінің банк шоттары арқылы өткізген.
Тергеу барысында 21, 31 және 37 жастағы күдіктілер жеке деректері мен банк есепшоттарына қатысты құпия ақпараттарды бөгде адамдарға бергені анықталған. Соның салдарынан алаяқтар жәбірленушілерден алынған ақшаны алдымен осы азаматтардың шоттарына аударып, кейін басқа адамдардың есепшоттарына жіберіп отырған. Осылайша қылмыстың ізі жасырылған.
Сотта олардың кінәсі толық дәлелденіп, әрқайсысына заңға сәйкес жаза тағайындалды, нақтырақ айтқанда айыппұл салынды.
Мамандар мұндай жағдайлардың жиі орын алуына адамдардың өз банк деректерін (карта нөмірі, CVV-код, SMS-кодтар, логин мен құпиясөз) оңай бере салуы себеп екенін айтады. Көп жағдайда азаматтар “жеңіл табыс”, “картаңызды жалға беру” немесе “ақшаны көбейту” сияқты күмәнді ұсыныстарға сеніп, өздері де қылмыстық әрекетке араласып кетеді.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады:
– банк картасының құпия деректерін ешкімге бермеу;
– күмәнді ұсыныстарға сенбеу;
– белгісіз сілтемелер мен қосымшаларды пайдаланбау.