Мазмұнға өту
qandastar.

Атырауда мұнай компаниясынан 3 млрд теңге айыппұл өндіріліп жатыр

Малика Хамит
Атырауда мұнай компаниясынан 3 млрд теңге айыппұл өндіріліп жатыр

Атырау облысында экологиялық талаптарды бұзған мұнай компаниясынан миллиардтаған теңге айыппұл өндіріліп жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.

«ЖАН и КС» компаниясына салынған 3 млрд теңгеден астам айыппұлдың 490 млн теңгесі жергілікті бюджетке аударылды.

Облыстық табиғат қорғау прокуратурасының тексеруі кезінде компанияның ұңғымаларды бұрғылау барысында экологиялық талаптарды сақтамағаны анықталған.

Атап айтқанда, кәсіпорын бұрғылау шламы мен пайдаланылған бұрғылау ерітіндісін заңсыз жинақтаған. Осы заңбұзушылық үшін компанияға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жаза қолданылып, 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынған.

Алайда мұнай компаниясы айыппұлмен келіспей, сотқа шағымданған. Бірақ соттар оның талаптарын қанағаттандырмады. Осылайша, айыппұл салу туралы қаулы заңды күшіне енді.

Қазір қаражат мәжбүрлі түрде өндіріліп жатыр. Сот орындаушылары әзірге Атырау облысының бюджетіне 490 млн теңгеден астам қаржы аударған. Қалған соманы өндіріп алу прокуратураның бақылауында.

Экологиялық айыппұлдар енді өңір бюджетінде қалады

Бұл істің тағы бір маңызды тұсы бар. Бұған дейін экологиялық заңбұзушылықтар үшін салынған айыппұлдар республикалық бюджетке түсетін. Ал заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін мұндай қаражат жергілікті бюджетке бағытталады.

Демек, экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорындардан өндірілген айыппұл енді өңірдің қазынасын толықтыруға жұмсалады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp