Атырауда балаларға арналған ойыншық көлікке отырған жасөспірімнің полицияға жеткізілуіне қатысты облыстық полиция департаменті ресми түсініктеме берді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Полицияның мәліметінше, 31 шілде күні кешкі уақытта әкімдік алдындағы алаңда балаларға арналған электр көліктерін жалға беру қызметінің заңсыз жұмыс істеп жатқаны жөнінде тұрғындардан шағым түскен.
Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары мен қала әкімдігі қызметкерлері барып, тексеру жүргізген. Оның нәтижесінде жеті балалар электр көлігі тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылған. Қазіргі уақытта жалға беру қызметінің заңдылығы тексеріліп жатыр.
Ведомствоның хабарлауынша, көліктерді тиеу кезінде жасөспірімдердің бірі электр көлігінің үстіне отырып алып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған.
Сонымен қатар оның сағат 23:00-ден кейін қоғамдық орында заңды өкілінің қарауынсыз жүргені анықталған. Осыған байланысты жасөспірім Атырау қалалық полиция басқармасына жеткізілген.
Ал оның заңды өкіліне баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны және кәмелетке толмаған баланың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруіне жол бергені үшін екі әкімшілік хаттама толтырылған.
Полиция тексеру аяқталғаннан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданатынын мәлімдеді.