Атырауда 13 жастағы мектеп оқушысына пышақпен шабуыл жасаған жасөспірім 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралды.
Сот барысында шабуылдың кездейсоқ жасалмағаны, алдын ала жоспарланғаны анықталған.
Тергеу материалдарына сәйкес, жасөспірім қылмысқа бірнеше күн бойы дайындалған. Ол телефонына кек алу туралы жазбалар қалдырып, тіпті ата-анасын да өлтіргісі келетінін жазған.
Қайғылы оқиға болған күні ол мектепке бірнеше қауіпті зат алып келген. Кейін дәлізде кездескен 13 жастағы қыздың соңынан қуып жетіп, арқасы мен мойын тұсына бес рет пышақ сұққан.
Ауыр жарақат алған оқушы жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлердің көмегінің арқасында оның өмірін сақтап қалу мүмкін болды.
Сот-психиатриялық сараптама жасөспірімнің өз әрекетіне жауап бере алатын жағдайда болғанын анықтаған.
Нәтижесінде сот оны кәмелетке толмаған баланы өлтіруге оқталғаны үшін кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.