Мазмұнға өту
qandastar.

Атырауда «ҚазАвтоЖол» еншілес ұйымының бас бухгалтері 34,8 млн теңгені жымқырған

Малика Хамит
Атырауда «ҚазАвтоЖол» еншілес ұйымының бас бухгалтері 34,8 млн теңгені жымқырған

Атырау қаласында «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның еншілес ұйымында жұмыс істеген бас бухгалтер ірі көлемде қаржы жымқырғаны үшін бес жылға сотталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Ол кәсіпорынның 34,8 млн теңгесін өзінің жеке шотына аударып отырған.

Бұл заңсыздықты Атырау көлік прокуратурасы Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп жүргізген тексеру кезінде анықтаған.

Тергеу материалдарына сәйкес, «ҚАЖсервис» ЖШС филиалының бас бухгалтері төлемдерді заңсыз есептеп, ұйымның ақшасын өзіне тиесілі банк шотына аударып отырған. Осылайша кәсіпорынға 34,8 млн теңге көлемінде материалдық залал келген.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, іс сотқа жолданды.

Атырау қаласының №2 соты әйелді ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімімен оған бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол материалдық жауапкершілікке байланысты қызметтерді атқару құқығынан бес жылға айырылды.

Сот «ҚАЖсервис» ЖШС-нің келтірілген шығынды өндіріп алу туралы талабын толық қанағаттандырды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp