Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы жергілікті "Ақ Жайық" баслымына сілтеме жасап.
Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот оны төрт адамды өлтірумен қатар алаяқтық, ұрлық, мал ұрлығы, құжаттарды заңсыз иемдену және жасыру баптары бойынша да кінәлі деп таныды.
Ал бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Прокуратура оның қылмысты жасырғанын дәлелдейтін жеткілікті айғақтар табылмағанын мәлімдеді.
Еске салайық, 2025 жылдың соңында Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесі хабар-ошарсыз кеткен болатын. Тергеу барысында олардың мәйіттері бірнеше кезеңмен үй ауласынан табылды. Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев Индонезияда ұсталып, кейін Қазақстанға экстрадицияланған. Тергеу кезінде ол кінәсін мойындаған.